Выбрать главу

Қуаныш Шонбай

Екінші болма!

БИЗНЕСТЕ, КАРЬЕРАДА ЖӘНЕ ӨМІРДЕ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУДІҢ ҚАЗАҚША ЖОЛЫ

3-басылым

Табысты кәсіпкер ресторатор Қуаныш Шонбай бұл кітабында тұлғаны және бизнесті дамытуға қатысты ақпараттармен бөліседі Екі жарым жылда «Rumi Group» мейрамханалар желісі ең дәмді танымал және беделді брендке айналды. Алайда оны білетіндер осы 2,5 жылды ғана көреді. Ал бұған дейінгі Қуаныш мырзаның 8 жыл бойы шыңдалған, дайындалған, қателескен, өкінген, банкротқа ұшырап, қайта көтерілгенін көбі білмейді де. Автор өзінің мысалында келтірген даму жолдары мен оның қазақша жеңіске жету теориясы өзіңізді және кәсібіңізді жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі.

Он тоғыз жасында алғашқы миллионын тапқан кәсіпкердің ақыл-кеңестері кез келген жанға пайдасын тигізері хақ. Кішігірім, компаниядағы менеджерден бастап мектеп мұғалімі, алпауыт, компанияның атқарушы директоры да бұл жазбадан өзіне қажет кеңес таба алады. Жүзеге асыр да, өзгерістерге қадам жаса.

Осы кітаптың жарық көруі – балалық шақтан бері қолдап, қателіктерімді кешіріп, әр бастамама демеу берген асыл анам Үміткен Қапанқызы мен ардақты әкем Рашит Сәткенұлының арқасы.

Оларға деген алғысым шексіз.

Қуаныш ШОНБАЙ

АЛҒЫ СӨЗ

16.8.2017

Словения, Рогашка қаласы...

2017 жылдың шілде айында екі-үш күндей депрессияға (күйзеліске) ұшырадым. Себебін анықтап қарасам, сол кезде мақсатсыз қалғандай болыппын. Өйткені, 2015 жылы «Rumi»-ді енді ашқанда, бизнестегі әріптесім Айдос мырза екеуіміз соншалықты армандадық, қиялдадық. Ол кезде дайын ресторан (мейрамхана) тұрмақ, қолымызда қаражат та, ешнәрсе де жоқ еді. «Rumi»-ді құрсақ, соның жылдық саудасы 5 миллиард теңге болса екен», деп армандайтынбыз, ол бізге қол жетпестей болып көрінетін. Бірақ мен сол көздеген табысқа екі жылдан кейін, 2017 жылдың маусым айында жететінімізді түсіндім. Ал енді межелеген мақсатымызды орындап, арманымызға қол жеткізгеннен кейін, мақсатсыз қалғандай болдым.

Соның себебінен болар, тағат таппай, күйзеліске ұшырадым. Адам үшін мақсатсыз қалу қиын екен. Бұны Виктор Франкл1 «Жексенбілік психоз» деп атайды. Мақсатсыз қалған адам қуыс кеуде болып, вакуумға түскендей күй кешеді. Мен «жексенбілік психоздан» арылудың жолын іздестірдім, сондықтан алдыма жаңа мақсат қойдым. Нақтылап айтсақ, ол – 2020 жылға дейін 20 миллиард теңге сауда айналымын жасау. Алдымда бағындырар жаңа белесiм пайда болғаннан кейін бе, маған серпін берген, мені оятқан, сол күйзелістен шығарған бір күштің құдіретін сезіндім. Ол тылсым күш бәлкім энергия болар немесе жаңа белесті бағындыруға деген талпынысым болар, әйтеуір мен осы кризистен алып шықты.

Өткен екі жылды ой елегінен өткізсем, ешкімнің қолдау-көмегінсіз, қомақты қаражатсыз жаңа кәсіп бастап, мақсатқа жетуіміздің бірден-бір себебі – арманымыздың бізді алға жетелегені екен. Ал осы арман мен қиялдың күші 20 миллиардқа да жетелеп алып келеді деген сенімім, үмітім бар. Сол күннен бастап кітап жазуды қолға алсам ба деген ой келді, ол да менің бір арманым болатын. Себебі, өзім үшін үлкен бір мақсатқа қол жеткізгенімді сездім. Қызметкерлеріміздің саны алты жүзден асты, тоғызыншы мейрамханамызды аштық, ел аузында жүрдік. Атақ десең – атақ, Құдайға шүкір, ақша десең ақшаға қол жеткіздік, белгілі бір нәтиже көрсеттік. Сол күндері қазақ жастарына, қазақ ауылдарынан шыққан өзім сияқты балаларға жол сілтейтін, бәлкім, үлгі бола алатын, мойныма жүктелген жауапкершілік барын сездім. Өйткені, қазіргі заманда адамдардың барлығы арзан ойын-күлкімен, жеңіл жолмен ақша тапқысы келеді. Көзге көрінген соң айтып жатқаным, елдің барлығы тендермен айналысады, оған қызығады. Сетевой (желілік) бизнесте де қазақ жастары өте көп. Берері жоқ тренингтерде де өз азаматтарымыз жүреді. Сол кезде түсінгенім: бауырларымыздың жетістікке талпынысы бар, ұмтылысы бар, алайда нәтиже жоқ.

Елдің алдына шығып сөз сөйлеп жүргеннен кейін, көп адамдар ақыл-кеңес сұрап келеді, соларға да бір жауап ретінде, пайдалы болсын деген оймен, адал ниетпен, осы кітапты жаздым. Кейбір адамдар «өмірдегі бағдарымды жоғалтып алдым», «арманымды білмеймін» деп, ал кейбіреулері еліміздің мықты, беделді жоғары оқу орындарын бітіріп, «мақсатымды білмеймін» дегенде, осы кітап қалай да жарық көруі керек деген ой келді. Бұл кітап – жалпы қазақ жастарына жол сілтейтін, замандастары ма, еліме пайдасын тигізетін туынды болса деймін. Ал, кәсіппен айналысамын дегендерге бизнестің қыр-сыры туралы әлі де кітап жазбақпын, бұл – болашақтың еншісінде. Сондықтан да менің алғашқы туындым осылай басталды. Негізі, 2008 жылы Стамбұлда жүргенде-ақ кітап жазамын деп армандайтынмын. Оны өзімнің туып-өскен жерім Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының Аса ауылында жалғастырып, кейін Амстердамда немесе Лондонда нүктесін қою ойда жүретін.