Выбрать главу

Бәлкім, бұл сол аңсаған арманымның сәл де болса жүзеге аса бастағаны болар, қазір Словенияның Рогашка қаласында қолға қалам алып, кітабымның алғашқы бөлімін бастап отырмын.

«Ашылмаған қанаттың үлкендігі білінбейді» дейді ғой. Біздің тәрбиелеу әдістерімізде қалыптасқан жағдайлар бар: «анда барма», «мынаны істеме», «қонақтар кетсін, содан соң жейсің», информатика пәнінде «шұқи берме, ертең компьютер бұзылады» дегендей, көп шектеумен өстік. Сондықтан да «мен ешкім емеспін» деген ішкі сезімдер қалыптасады. Сол сезімдер біріге келе «әншейiн жүрген біреумін, жасаса, жұрттың балалары жасайтын шығар, бұл менің «темам» емес» деген ой келеді. Талай тренингтерге қатыстым, барлығының айтары бір – «басқадан кем болма», «одан күштірек бол» және тағысын-тағы. Ал бір күні қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың2 «Мықты болсаң, өзіңді жең» деген сөздері есіме түсті. Расында да, біз және идеал біз бармыз. Біз сол мінсіз нұсқамызға талпынуымыз, одан қалыс қалып, екінші болмауымыз керек.

Кітап жазу барысында: «Асығыс жазып жатқан жоқсың ба?» деген сұрақтар көп болды. Атақты евангелист, венчерлік инвестор, «Apple» компаниясында жұмыс жасаған, талай стартаптың жолын ашқан идеялардың авторы Гай Кавасакидің3 «Егер сен бір нәрсеге қанағаттансаң, демек, ол затты жасауға кешіктің» деген жақсы сөзі бар. Кітап жазуға кімнің қаншалықты лайық екенін уақыт көрсетер. Мен қазір осы кітапты жазуға бел будым. Қандай да бір жетістігі немесе кем-кетігі болса, бағасын беру – оқырманның еншісінде. Осы кітапты қолыңызға алып, маған, менің командама сеніп, сатып алып, оқып отырғандарыңызға алғысымды білдіремін.

Бұл кітапты, біріншіден, өзім үшін, өз нәпсімді тыю үшін жаздым, сондықтан да қатты айтсам, өзімді сынағаным, өзімді сөккенім деп біліңіз. Екіншіден, бұл кітаптың әр жолы түсінікті және жеңіл қабылдануы үшін «Сіз»-ден «сен»-ге өтуді жөн көрдім. Дұрыс қабылданар деп сенемін. Достардың арасындағы әңгіме-дүкен іспеттес, емін-еркін сыр ағыту үшін, осы жерден бастап ойымды «сен»-ге көшіп баяндаймын.

Тағы бір мәселенің басын ашып алайық: кітабымда қазақ тілінен өзге тілдегі сөздерді қолдандым. Мысалы, карьера, проблема, идеал сияқты. Бұл сөздердің қазақ тіліндегі баламаларының жоқтығынан немесе өз тілімді құрметтемегендігімнен емес, айтайын деген ойымның толыққанды жетуі үшін заманауи тілде, түсіндіргім келгендіктен.

Сонымен, бұл кітап неліктен «Екінші болма!» деп аталды, неге «Бірінші бол» емес? Өйткені, біріншіден кейін екінші, үшінші немесе төртінші болуы мүмкін. Ал бұл жерде біз анық біліп алуымыз керек: біздің бірінші жауымыз, алғашқы қарсыласымыз – өзіміз ғана. Сондықтан бұл өмірде өзімізді не жеңеміз, не өзімізден жеңілеміз. Жеңсек – бірінші, ал жеңілсек – екінші боламыз. Бұл кітаптың жеткізетін негізгі ойы, бәлкім, пәлсапасы – өзіңмен ғана жарысуға тиіссің, сенің бәсекелесің өзің ғана, сондықтан екінші болмай, бірінші болуға лайықсың деген тілекпен жазылған кітап.

Құрметті бауырым, қарындасым, әпкем, інім, ағам: Дәл саған кітабымның мысқалдай да болса пайдасы тисе бақыттымын, мақсатымның орындалғаны деп білемін.

Сондықтан осы кітапты бір деммен, басынан соңына дейін оқып шығасың деп сенемін. Сенің жеңіске жетелер алғашқы қадамың, бәлкім, осы кітаптан бастау алар, жол көрсетер бағдар болар. Солай болғай!

І ТАРАУ

БҰЛ КІТАП КІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН?

«RUMІ»-ДІҢ ХИКАЯСЫ:

2,5 жыл + 8 жыл

Алғашқы кітабымды неге сатып алдың? Болжап көрейін: «Қуаныш Шонбай екі жылда «Rumi»-ді осындай деңгейге жеткізді ғой, тренинг жасап жүр, осы бірдеңе білетін шығар, көрейінші, не жазып жатыр екен» деген оймен алдың. Ал мен белгілі бір нәтижеге жетпесем, ешкім болмасам, бұл кітапты сатып алмайтын, тренингтеріме де қатыспайтын едiң. Осыған байланысты бір оқиға есіме түсіп отыр. Жақында 2015-жылы Instagramда жазған постарымды қайтадан жүктеп көрдім. Сол кезде отыз сегіз like жинаған постар, қазір бір жарым мың like жинапты.

Өткенде маған бір жігіт келіп, сұрайды: «Қуаныш аға, сіз қалай екі жылда 10 миллион долларлық бизнес жасадыңыз? Сізден соны үйренуге келдім», – дейді. «Оның алдындағы сегіз жыл қайда кетті?», – деген сұрақ туындады менде. Сегіз жыл бойы оқығаным, білім алғаным, қателескенім... қайда? Барлығы соңғы екі жылды көреді, соны үйренгісі келеді. «Мақсатың бар ма?», «Алдымен жалқаулықтан арылайық», – десем, «Қуаныш аға, оны үйренуге келген жоқпын ғой, маған қазір не істеу керегін айтыңызшы, соны жасай берейін», – дейді. Сол кезде оның әлі көп нәрсені білмейтіні, үйрене алмайтыны анық көрінеді, бірақ амбициясының жоғары болуынан оны мойындағысы келмейді...