Выбрать главу

Менен журналистер де, қарапайым адамдар да бір нәрсені сұрайды: «Rumi»-ді қалай аштыңыз?», «Сізге бұл идея о баста қалай, қайдан келді?»... Қазір сол үшін көп сұхбат та бермеймін. Мені бұл жеңіске жеткізген – осы сызбадағы сегіз жыл. Сол сегіз жылдың ішінде талай қателестім, үйрендім, білдім, көрдім, адыраспандардан арылдым.

Ал елдің көретіні, оларға белгілісі – тек «Rumi» ашылғаннан кейінгі екі жыл. Егер кезінде банкрот болған бизнестерімнен сабақ алмасам, алпыс мың теңгелік мұғалімдік жұмыста істемесем, өзімді дамытпасам, бүгінгі күнгі жеткен нәтижемнің ешқайсысы болмайтын еді.

Баяғыда Пабло Руис-и-Пикассоға4 бір ауқатты адам суретке тапсырыс беріпті. Келесі күні тапсырысшы келіп, суреттің құнын сұрағанда, Пикассо: «100 000$» десе, тапсырыс беруші: «Неге 100 000$? Бір-ақ күн уақытың кетті ғой?», – деп айтты деседі. Пикассо болса: «Бір күн және жиырма бес жыл» деп жауап береді.

Ал бізде, жұртшылықты қызықтыратыны сол: «Қалай осындай қысқа уақытта табысқа жетуге болады?», «Қуаныш мырза, сіздерде SMM-ге кім жауапты?», «Автоматизация жүйесі қандай?» – бұның барлығы сырт көзге ғана көрінетін нәрселер. Бұдан да маңызды, өзіміздің менталитетімізге ғана тән, біз ғана біліп-түсінетін нәрселер бар. Жетістікке жетудің қазақша жолы болғандығының да, қазақ тілінде тренинг өткізіліп, кітаптың қазақ тілін де жарық көруінің, қазақ тілді аудиторияға бағытталғандығының да негізгі себебі осында.

ӨКІНІШ ҰЯТ. БАНКРОТ

Адамдардың көпшілігі осы кітапқа қатысты «Қуаныш білгенін, оқығанын аударып жаза салды» деген ойда қалуы мүмкін. Ондай сынға дайынмын. Бірақ ескеретін жайт: бұл кітаптың ерекшелігі – мен оқыған алты жүз кітаптың қорытындысы іспеттес. Оған қоса, сол кітаптардан түйгенімді қолдану, жүзеге асыру, біздің менталитетті ескеру және соның нәтижесінде жүзеге асырылған тәжірибе. Бәлкім, білгенімді кейде дұрыс қолданбаған шығармын, соның салдарынан бір мүмкіндіктерді жіберіп те алған болармын. Сондықтан сенің де шалыс қадам баспауың үшін, өзіңнің емес, менің қателіктерімнен сабақ алуыңды сұраймын. Бұл кітапта мен баяндайтын әңгіме, келтіретін мысал, айтатын ақыл-кеңес – өз басымнан өткен тәжірибеге негізделеді. Жазған мысалдарымның нәтижесі жақсы болса, бір жеңіске жеткенім, ал позорға (масқараға) немесе банкротқа ұшыраған кездегі мысалдар, дұрыс әрекет етпеудің, барымды қолдана алмауымның нәтижесі. Көз жасы дегенім – кейде біліп тұрсам да, дұрыс жасамағаныма қынжылғаным.

Қазақстанда өз бизнесімді бастағанда, әріптестік туралы көптеген кітаптарды парақтадым. Партнёрдің (серіктес) қандай болуы керек екенін оқыдым, ал іс жүзінде оны дұрыс қолдана алмай, банкротқа ұшырадым.

Әскерде «устав, написанный кровью» деген түсінік бар, белгілі бір жазатайым оқиғаға алып келгеннен кейін енгізіліп отыратын ережелер жиынтығы. Тура сол сияқты, бұл кітаптың әр бөлімінің астарында қуаныш, өкініш және банкротқа ұшырау хикаялары бар.

ӨЗІҢ ҚАНДАЙ БОЛСАҢ, БИЗНECIҢ ДЕ, KAPЬEPAҢ ДА СОНДAЙ

Бұл кітапты жазамын деген ой пайда болғаннан бастап мен осыған дайындалдым, алдын ала тапсырыс бердім, мазмұнымен жұмыс жасадым. «И ботаники делают бизнес» деп аталатын кітаптың авторы Максим Котинмен5 ақылдастым. Бір сөзбен айтқанда, үлкен жұмыс жасалды.

Бұнымен қатар біз «Versus» академиясы аясында тренингтер өткіздік. Сол кезде түсінгенім, бизнесті де, жұмысты да, карьераны да жасайтын – адамның өзі.

Бизнес туралы кітаптар бір техникаларды береді, ал адамды толық дамытпайды, себебі, олар алдарына бір ғана мақсат қояды, не бизнесті, не адамды дамыту. Өйткені ол не адамның жеке басын дамытуға, не бизнеске немесе карьераға арналған болып келеді. Яғни бөлінеді. Ал негізінде, бизнес пен карьераны жасайтын өзіміз.

Сапаң қандай болса, тура сондай өнім шығады. Мысалы, сенің талғамың қандай болса, жасаған жұмысың да сондай, тыңдайтын музыкаң, жасайтын презентацияң сондай болады, жұмысқа ұқыптылығың, дизайның, барлығы да соған сәйкес жүреді.

Өз басым, заң аясында немесе есеп-қисаппен жұмыс жасайтын адамдармен кездескенде, міндетті түрде ол адамның автокөлігіне, киген киіміне ерекше назар аударамын. Себебі, киген киіміне ұқыпты болмаған адам, менің құжаттарыма да ұқыпты болмайды. Ол автокөлігіне лас күйінде отыра берсе, ертең жұмысқа ұқыптылықпен қарамайды ғой. Сондықтан бизнесің немесе жасап жатқан жұмысыңның сенің дәрежеңнен ешқашан асып кетпейтінін есте сақта. Бұл жердегі «сен» – ол сенің білімің, эрудицияң, көзқарасың, шешім қабылдау жылдамдығың, принциптерің.